Сәтбаев қаласында 30 отбасы жаңа пәтер кілтін алды

Отбасы күні қарсаңында Сәтбаев қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жаңа баспананың кілтін табыстау рәсімі өтті. Өңір тұрғындары үшін жалпы аумағы шамамен 2000 шаршы метрді құрайтын бес қабатты 30 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.

Салтанатты шараға Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков қатысты. Өңір басшысы облыста халықты қолжетімді әрі жайлы баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, тұрғын үй жобаларын жүзеге асыруға бюджет қаражатымен қатар инвестициялар да белсенді тартылуда.

Облыс құрылғаннан бері өңірде шамамен 365 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Биылғы жылдың соңына дейін тағы 100 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Бұл 800-ден астам отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ қаңтар–наурыз айларының қорытындысы бойынша Ұлытау облысы республикадағы құрылыс жұмыстары көлемінің өсу қарқыны жөнінен көшбасшы өңірлердің қатарына енгені айтылды.

Жаңа қоныс иелері көрсетілген қолдау үшін алғыстарын білдіріп, көптен күткен баспанаға қол жеткізген қуаныштарымен бөлісті.

Поделитесь этим контентом:

Возможно, вы пропустили